ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлінісі ҰҚК көмегімен Кентау қаласында "Хизб-ут-Тахрир" діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобын жойды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып,"шариғат" нормаларын енгізуге бағытталған.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттау,сондай-ақ діни көзқарасты қорлау деректері анықталды. Топ мүшелері "Хизб-ут-Тахрир" шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланған. Топ жетекшісі бұған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған",- делінген хабарламада.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталды.
"Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр".