Ақтөбе облысында жарты миллион теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше,полицияға Ақтөбе тұрғыны бопсалау дерегі туралы арызданған. Тергеп-тексеру барысында аудандардың бірінде жәбірленушінің көлігі бұзылған кезде оған белгісіз адамдар келіп қорқытып,ұрып-соғу арқылы ақша талап еткені анықталды.
"Күдіктілер автокөліктен арнайы киімнің 13 жиынтығын алып кетіп,оларды қайтару үшін 500 мың теңге талап еткен. Арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен жедел іс-шараларды өткізу барысында Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Хромтау қаласының бес тұрғынын анықтап,ұстады. Заттай айғақтар тәркіленді",- делінген хабарламада.
Бопсалау дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.