Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлерін марапаттауға арналған жиында сөйлеген сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша екенін айтты,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер,аңыздағы қаһармандар емес,қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады. Осындай адамдарды жан-жақты насихаттау қажет. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар. Мемлекеттің қуаты – халықта,ал халықтың қуаты жасампаз күш-жігерде және отаншылдықта.
Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға,оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған. Біз үшін реформалардың өзі ғана емес,түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес,нақты іске негізделген.
Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып,әл-ауқатын арттыру. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі",- деді Президент.