Әлемдік жаңалықтар

Өткен аптада Ливия жағалауында 480 босқын құтқарылды — ХКҰ

Apr 2, 2024
ХКҰ хабарлауынша, құтқарылғандардың арасында 26 әйел мен бес бала бар, сондай-ақ екі адамның өлі денесі табылды.
Фото: Pyxabay.com

АСТАНА.KAZINFORM — Өткен аптада Ливия жағалауында 480 мигрант құтқарылды. Бұл туралы дүйсенбіде Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) хабарлады, деп жазады Синхуа агенттігі.

«2024 жылдың 24-30 наурызы аралығында 480 мигрант ұсталып, Ливияға қайтарылды», — делінген хабарламада.

ХКҰ хабарлауынша, құтқарылғандардың арасында 26 әйел мен бес бала бар, сондай-ақ екі адамның өлі денесі табылды.

Жыл басынан бері Ливия жағалауында 3 791 мигрант құтқарылды, тағы 120 адам қаза тапты, 253-і хабар-ошарсыз кетті.

Көптеген мигранттар, әсіресе африкалықтар 2011 жылы Муаммар Каддафи режимі құлағаннан кейін хаос орын алған Ливия аумағынан Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетуге тырысады.

Ливияның ішкі істер министрі Эмад ат-Тарабелси 2024 жылы Ішкі істер министрлігі 20 мыңнан астам заңсыз мигранттарды елге қайтаруды жоспарлап отырғанын айтты.