Келес ауданы білім бөліміне қарасты №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің тарихи-археологиялық мұражайында мектеп ауласынан табылған құнды жәдігерлер жетерлік. Соның ішінде 1353 жылы тастан жасалған қол диірмендерін де атап өту керек.
Мұражайда ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тиеселі ағаш шоқпар мен ожау,ежелгі қаңлы дәуіріне тиеселі саз балшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар. Сондай-ақ,сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек,кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған дейді мектеп басшысы.
"Жүзімдік ауылында орналасқан мектеп ауласына 1985-1986 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Жалпы аумағы - 68 шаршы метрді құрайтын мұражай екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы - 56 шаршы метр. Мұражайда жалпы 152 экспонат бар. Балалар қазіргі таңда осы жәдігерлерді зерттеп,ғылыми зерттеу жұмыстарын да жазып жатыр",- дейді мектеп директоры Ақмарал Қамбарова.
Ұстаздардың айтуынша,қазіргі кезде де мектеп ауласында ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады. Тарихшы мамандардың қорытындысына сәйкес,осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың I-XIII ғасырлардағы Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады.