БҚО прокуратурасы тексеру барысында заңсыз берілген жер телімдерін анықтады. Соталды тергеу аяқталды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бәйтерек ауданында жалпы ауданы 45,9 гектар жер телімдері бау-бақша және саяжай құрылысына сатып алу құқығымен азаматтардың жеке меншігіне заңсыз берілген.
"Учаскені жеке меншікке беру кезінде белгіленген төлемнің базалық мөлшерлемесі негізсіз төмендетілгені,осылайша учаскелер 1,1 миллион теңге көлемінде төмен бағамен сатылғаны анықталды,ал нақты бағасы 107,3 миллион теңге болады. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығына қатысты қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін арнайы прокурорлар соталды тергеп-тексеруді (ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармақ) жүргізді",- делінген хабарламада.
Қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілген. 2024 жылдың 16 қыркүйегінде сот сотталушыны кінәлі деп тауып,3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырғаны айтылды. Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу туралы талап толығымен қанағаттандырылды.