Өмір

Қазақстан халқына жолдау жасау: бұл неге Президенттің міндеті?

Aug 29, 2024 IDOPRESS
Әр жыл сайын Мемлекет басшысы қазақстандықтарға Жолдау арнайды. Неге ол мұны жасайды және осындай форматтың

Әр жыл сайын Мемлекет басшысы қазақстандықтарға Жолдау арнайды. Неге ол мұны жасайды және осындай форматтың қажеттілігі неде? Басқа елдердің жетекшілері халыққа қалай үндеу жасайды? Толығырақ Tengrinews.kz материалында.

Әр жыл сайын Мемлекет басшысы қазақстандықтарға Жолдау арнайды. Неге ол мұны жасайды және осындай форматтың қажеттілігі неде? Басқа елдердің жетекшілері халыққа қалай үндеу жасайды? Толығырақ Tengrinews.kz материалында.

Биыл Қазақстан Президенті Парламентте жыл сайынғы Жолдауымен сөз сөйлегеніне 28 жыл толып отыр. Бірінші Жолдау 1996 жылғы 8 қазанда жарияланды. Бұл формат Президенттің негізгі мәселелер бойынша ұстанымын білдірудің,елдегі қазіргі жағдайды бағалаудың және болашаққа арналған іс-қимыл жоспарын ұсынудың тәсілі ретінде таңдалды.

Соңғы екі жылда Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында үндеу жасады. Мәжіліс және Сенат депутаттарымен қатар,орталық мемлекеттік органдардың басшылары,Ұлттық құрылтай мүшелері,Адам құқықтары жөніндегі комиссия,Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері,қоғам белсенділері және еңбек ұжымдары өкілдері де осы шараға қатысады.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Жолдаудың мемлекеттік органдар үшін "импульс" болатынын айтты.

"Баршаңызға мәлім,мен жыл сайын халыққа Жолдауымды Парламент сессиясының ашылуында жариялаймын. Бүгінде бұл жақсы дәстүрге айналды. Мұның айрықша мәні бар. Себебі дәл осы сәтте және дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт-бағдары айқындалады. Нақты тапсырмалар беріледі,жаңа міндеттер жүктеледі. Парламент,Үкімет және басқа да құзырлы органдар тың қарқынмен іске кіріседі. Бір сөзбен айтсақ,мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бұл іс-шара өте маңызды",- деген болатын Президент.

Фото: Ақорда

Жолдау не үшін қажет?

Ақпарат және есеп беру: Жолдау Парламентке және азаматтарға елдегі қазіргі жағдай,жетістіктер мен мәселелер туралы ақпарат береді. Бұл қоғам мен Парламент алдындағы есеп берудің маңызды құралы.

Басымдықтарды анықтау: Жолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын белгілеуге көмектеседі. Президент Жолдауда жаңа заңдар,реформалар немесе елдің дамуы үшін маңызды деп саналатын бастамаларды ұсына алады.

Халықпен байланыс: Жолдау көбінесе қоғамдық сипатқа ие болып,телеарналар мен радиода көрсетіледі,бұл Президентке халықпен тікелей байланыс орнатуға,саясатты түсіндіруге және сайлаушылармен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Символдық аспект: Мұндай сөз үндеулер маңызды символдық мәнге ие,себебі олар Мемлекет басшысының ұлттық мүдделер мен елдің бірлігіне деген адалдығын растайды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша,ел ішінде әлеуметтік,рухани,экономикалық мәселелердің күрделі тұстары бар,оған қоғам мен мемлекет біртұтас жауап беруі тиіс.

"Біз динамикалық өзгеретін әлемде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі уақытта өзгерістердің формасы да өзгеріп жатыр. Соңғы 20 жылда экономика мен саясат саласында әлем бойынша турбуленттілік деңгейі өсіп отыр. Қазақстан әлемдік экономикалық жүйенің бір бөлігі болып табылады,сондықтан біз экономикалық жүйемізді әлемдік стандарттар мен ағымдарға үнемі бейімдеп отыруымыз керек. Осы мақсатта экономикалық саясатымыздың бағыттары мен қарқынын анықтау қажет",– деді ол.

Конституцияға сәйкес,Қазақстан Президенті ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырады. Сондықтан,мәжілісменнің айтуынша,экономика мен әлеуметтік салада не істеуіміз қажет екенін жоспарлауымыз керек. Ал бағыт бір орталықтан шығуы тиіс.

"Базис сананы анықтайды. Сондықтан бүгінгі күні Қазақстан елдің экономикалық базасын жетілдіру бойынша үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет қоғамдағы және саяси процестерді реттеуі қажет. Осы себепті,экономикалық саясаттың,әлеуметтік дамудың және қоғамдағы саяси процестердің бағытын анықтайтын біртұтас организм немесе орталық қажет. Осыған байланысты жыл сайынғы Жолдау қажет",– деп атап өтті Саиров.

Депутаттың айтуынша,бұл мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы маңызды институт,сондай-ақ Қазақстанның түрлі тәуекелдер мен қауіптерге уақытылы және тиімді жауап беру жүйесін құруда маңызды рөл атқарады.

"Менің ойымша,Президенттің Жолдауы еліміздің органикалық дамуын қамтамасыз ететін құрал,сондай-ақ экономикалық,әлеуметтік және саяси өмірдің үйлесімділігін қамтамасыз етеді",– деп түйіндеді ол.

Саясаттанушы Замир Қаражанов Жолдау практикасының әлемдік тәжірибеден алынғанын айтады. Сонымен қатар,Қазақстандағы осындай практика жаңа құбылыс емес,ол тіпті кеңестік кезеңде республика дамуының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары жасалып,жаңа мақсаттар мен міндеттер белгіленген кездерде болған.

"Қандай формада немесе мемлекеттік құрылымда болса да,мұндай практика жиі кездеседі. Қазақстанда Президенттің халыққа Жолдауы Конституциямен бекітілген. Сондықтан,Мемлекет басшысының жыл сайынғы сөз сөйлеуі оның міндеті",– деді сарапшы.

Қаражанов Жолдау сарапшылар үшін қызық екенін,өйткені ол елдің басшылығы қалайша ел алдындағы сын-қатерлерге жауап беретіні,ұсынылған іс-қимыл жоспарының өміршеңдігі мен Қазақстанның алдыға қойылған мақсатқа жету барысында қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін екендігін түсінуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ Жолдаудан саяси элитаның басымдықтарының қалай өзгеретінін көруге болады.

Саясаттанушы Жолдаудың қарапайым қазақстандықтарға қандай пайдасы бар екенін де айтып берді.

"Халық үшін Жолдау әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен мақсаттармен қызықты,олар азаматтардың өміріне әсер етуі мүмкін. Бұл көбінесе бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру немесе Қазақстандағы минималды жалақы көрсеткішін арттыру,зейнетақыларды көтеру,жаңа жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламаларды енгізу сияқты мәселелер болуы мүмкін. Жалпы алғанда,Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы бағдарламалық сипатқа ие және көбінесе азаматтарға ғана емес,мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыратын үкіметке де бағытталған құжат болып табылады",– деп қорытындылады Каражанов.

Қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев Жолдаудың конституциялық әрекет әрі міндет екенін атап өтеді.

"Мәні бір-ақ нәрсе – бұл мемлекет қызметінің бағытын келесі жылға анықтау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың практикасы бекітілген: ол Жолдауды саяси маусымның басында,1 қыркүйекте жариялайды. Бұл уақытты және әлеуметтік-экономикалық,қоғамдық-саяси және мәдени дамудың диагноздарын анықтайтын кезең. Әдетте,сыртқы саясат мәселелері де қамтылады. Әр Жолдауда белгілі бір идея анықталады,ол идея Жолдаудың өз атауында беріледі",– дейді сарапшы.

Мысалы,өткен жылғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы "Әділетті Қазақстанның экономикалық саясаты" атауымен әйгілі болды.

Эдуард Полетаев Жолдаудың мазмұнын жүзеге асыру механизмін түсіндірді. Президент Жолдауды жариялағаннан кейін талқылау,ақпараттық-аналитикалық қолдау жүргізіледі. Осы уақытта әдетте екі апта ішінде Президенттің Жолдауды жүзеге асыру туралы жарлығы дайындалады. Бұл жарлық аясында жалпы ұлттық іс-шаралар жоспары бекітіледі. Барлығы үкіметтің мойнына жүктеледі,ал орындауын Президент Әкімшілігі бақылайды.

"16 қыркүйетегі соңғы жарлықта Жолдауды жүзеге асыру бойынша 101 міндет қойылды. Кейбір міндеттердің орындалу мерзімдері келесі Жолдаудың алдында аяқталмайды. Яғни,кейбірі 2023 жылғы желтоқсанда,кейбірі 2024 жылдың қараша немесе желтоқсанында орындалады,ал кейбіреулері одан да кейінірек орындалуы мүмкін. Орындалу барысы жылына екі рет Президент Әкімшілігіне баяндалады,бірақ жалпы алғанда,2029 жылға дейін бұл міндеттер кезең-кезеңімен шешілуі тиіс",– деді Полетаев.

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ол халық үшін Жолдау мемлекет дамуы мен жеке қаржы мәселелеріндегі маңызды міндеттердің маркері екенін атап өтті. Мысалы,өткен Жолдауда минималды жалақыны 85 мың теңгеге көтеру міндеті қойылды және ол бірі күнінен бастап жүзеге асырылды.

"Тезистер әртүрлі. Кейбірі әр түрлі халық өкілдері,әлеуметтік немесе экономикалық бизнес топтары үшін маңызды. Мысалы,Салық кодексіне қатысты мәселелер кәсіпкерлер үшін маңызды. Әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелер,әрине,қарапайым халыққа жақын. Әсіресе,жалақының,зейнетақының көтерілуі сияқты мәселелер болса. Кейбір міндеттер "әкімшілік рухта" болады. Мысалы,мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шаралары",– деді саясаттанушы.

Сарапшы мұндай міндеттерді орындау жүйесінің нақты регламенттелген және схемаға сай екенін,нақты даталармен байланыстырылғанын мойындады.

"Соңында,алдыңғы Жолдауда қойылған міндеттердің бірі – мемлекеттік жоспарлау жүйесін икемді және ықшамды түрде қалыптастыру. Жолдауды жүзеге асыру – мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бір бөлігі. Әрине,халықтың дәстүрлі Жолдаудан көп өзгерістер күтеді. Тәжірибе көрсеткендей,негізінен,тапсырмалардың көпшілігі уақытылы орындалмайды,бірақ бұл әлі де болса мемлекеттік қызметкерлер үшін маңызды аргумент болып табылады. Жалпы ұлттық жоспар мен Президенттің жарлығының орындалуы саяси тұрғыдан өте маңызды",– деп түйіндеді Полетаев.

Тақтан трибунаға дейін: әлемдегі мемлекет басшыларының Жолдауы қалай айтылады?

Ресейде Федералды Жиналысқа арналған Жолдау да жыл сайынғы іс-шара болып табылады. Президент екі палатаның мүшелері - Мемлекеттік Дума мен Федерация Кеңесінің алдында сөз сөйлейді. Бұл конституцияда палаталардың бірлескен отырысы рұқсат етілген бірден-бір жағдай. Жолдаудың мазмұны мен формасы президентпен анықталады және заң актілерімен реттелмейді.

Бұл практика Ресейде Борис Ельциннің президенттік кезінде енгізілген. Ресей Президенті Владимир Путин соңғы рет 2024 жылғы 29 ақпанда Жолдау жасады.

АҚШ-та президент жыл сайын Конгреске "Мемлекеттің жағдайы туралы" жолдау жасайды. 1787 жылғы америкалық конституцияға сәйкес,"президент Конгреске одақтың жағдайы туралы мерзімді ақпарат береді және оған қажетті және қолайлы деп есептейтін шараларды ұсынады".


Бұл дәстүрді алғаш рет 1790 жылғы 8 қаңтарда президент Джордж Вашингтон бастаған,ол да жыл сайын осылай жасау дәстүрін де бастады.

Әдетте,президент Конгресске жолдау жасауды қаңтарда өткізеді. Жаңа сайланған президенттердің өкілеттілікке кіріскен жылдарында ол сөз сөйлемеуі болуы мүмкін (осы жағдайларда мемлекет басшысы алғашқы сөзін ақпан айында өткізеді).


Соңғы рет АҚШ президенті Джо Байден 2024 жылғы 7 наурызда американдық Конгреске "Мемлекеттің жағдайы туралы" сөз сөйледі.

Америкалық Жолдаудың прототипі – Ұлыбритания монархы парламенттің жаңа сессиясының ресми ашылуында оқитын "Трондық сөз". Ұлыбритания конституциялық монархия болғандықтан президенті жоқ,бірақ король мен премьер-министр парламент алдында мәлімдеме жасайды.


Биыл Ұлыбританияда жалпы сайлауда Лейбористік партия жеңіске жетті,партияны Кеир Стармер басқарды,ол жаңа премьер-министр болды. Король Чарльз III-тің жаңа үкімет құру туралы ресми бұйрығын алған ол 2024 жылғы 5 шілдеде алғаш рет британдықтарға Даунинг-стриттегі премьер-министрдің ресми резиденциясының алдында сөйледі.

Ұлыбритания монархы жыл сайын парламенттің ашылуында "Трондық сөз" сөйлеумен қатар,үкіметтің алдағы жылға арналған жоспарларын жариялайды. Сөзді мемлекет басшысы емес,төменгі палатада басым партия жазып береді.

2024 жылғы 17 шілдеде Ұлыбритания королі Чарльз III "Трондық сөзбен" жаңа үкіметтің алдағы жылға арналған бағдарламасын жариялады. Испания,Бельгия,Швеция,Норвегия және басқа монархтар тікелей ұлтқа үндеу жасайды,алайда өз парламенттерінде де тұрақты түрде сөз сөйлейді.

Франция Президенті ұлт алдында 14 шілдеде Бастилияның алыну күні сөйлейді,ал парламентке жазбаша түрде үндеу жасайды. Биыл Эмманюэль Макрон ұлттық ассамблеяны – парламенттің төменгі палатасын таратып,мерзімінен бұрын сайлау тағайындағандықтан,Жолдау жасамады.


Италия мен Германияның мемлекет басшылары премьер-министр мен канцлерге қарағанда мемлекеттік өкілеттіктері әлдеқайда шектеулі.

Сондықтан олардың үндеулері стандартты емес,әртүрлі жағдайларға байланысты,мысалы,Рождестволық сөздер сияқты. ТМД елдерінде тек Әзербайжан мен Түркменстанның басшылары парламентке Жолдау жасамайды.