Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев әлі тергеу изоляторында,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы,әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков айтты.
"Біріншіден,Бишімбаев әлі тергеу изоляторында. Екіншіден,оның жұмыс істеуіне қатысты: өндірістік аймақтарда түрлі жұмыс бар. Ол "Еңбек" Республикалық мемлекеттік кәсіпорында мысалы ағаш,металл өңдеу саласына жұмысқа орналаса алады. Қай жерде бос орын болса сол жерге бара алады.
Бұл мәселені жұмыспен қамту бөлімі шешеді,келгеннен кейін 15 күн карантинде болады. Біз оны зерттейміз,одан әрі тәрбие жұмысы жүргізіледі. Психологтар басқа тұтқындармен жұмыс істейтін болады",- дейді Жәнібеков.
Журналистер ҚАЖК басшысынан Бишімбаев жазасын қай мекемеде өтейтінін сұрады.
"Ол жақында Астана маңындағы барынша қауіпсіз мекемеге барады,бұл - Ақмола облысы. Ол жеткеннен кейін 93-бапқа сәйкес туыстарына,сондай-ақ мүдделі тұлғаларға және адвокаттарға хабарлауға құқылымыз. Сондықтан мүдделі тұлғаларға ақпаратты осы форматта береміз",- деп қосты ҚАЖК басшысы.
Еске салайық,әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталған Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған болатын. Ал қылмысты жасырып қалған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.