Армениядан Қазақстанға қаржы пирамидасын басқарған тағы бір күдікті экстрадицияланды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратура мәлеметіне сілтеме жасап.
Бүгін Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Армениядағы елшілігінің көмегімен қаржы пирамидасын басқарған Қазақстан азаматшасын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін елге экстрадициялаған.
"2019 - 2021 жылдар аралығында күдікті Қостанай облысындағы Finiko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған,нәтижесінде жалпы сомасы 167 миллион теңгеден аса сомаға қырыққа жуық жәбірленуші алданған. Қылмыстық топқа қатысушылардың бір бөлігі бұрын жазаның әртүрлі түрлеріне сотталған,ал қылмыс жасалғаннан кейін күдікті Арменияда жасырынған және ол сол елде ұсталды",- делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті Ақтаудағы тергеу изоляторына қамаққа алынды. Айып тағылған қылмысты жасағаны үшін 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып,мүлкі тәркіленіп,5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.