Өмір

Егін орағы кезіндегі жауын-шашынға байланысты дақыл сапасына қойылатын талап жеңілдеді

Feb 28, 2024
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс қарсаңында майлы және дәнді дақылдар тұқымы тексеріліп жатыр. Арнайы зертханада 230 мың тонна тексерістен өтсе, соның 168 мың тоннасы тегін сараптамадан өтті.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс қарсаңында майлы және дәнді дақылдар тұқымы тексеріліп жатыр. Арнайы зертханада 230 мың тонна тексерістен өтсе, соның 168 мың тоннасы тегін сараптамадан өтті.

«ҚАЗАГРЕКС» АҚ СҚО филиалының мәліметінше, тұқым сапасын тексеруге биыл облыс қазынасынан 166 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.

«Шаруашылықтарға көктемгі егіс науқаны басталғанға дейін тұқымды тексерістен өткізуге кеңес береміз, сапалы тұқымнан күзде жақсы өнім алады. Элиталық тұқым өсірумен айналыстан шаруашылықтар бұл жұмысты атқарып болды. Зертханада сондай-ақ бидайға химиялық, технологиялық тексерулер де жүргізіледі. Шаруашылықтардан биыл бидайдың құлау санын анықтауға сұраныс жоғары. Бұл нанның жақсы көтеріліп пісуіне әсер етеді», — дейді «ҚАЗАГРЕКС» АҚ СҚОФ директорының міндетін атқарушы Маймұна Мәмекова.

Маманның айтуынша, тексеріліп жатқан тұқымның басым бөлігі — 1 және 2 класты. Класқа жатпайтын да тұқым бар, мұндай 600 тонна анықталған. 

«Күздегі егін орағы кезіндегі жауын-шашын өнімге әсер етті. Сапасы нашарлады. Биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бидайдың өну сапасы 5% төмендетілді. Бұл барлық дақылдарға қатысты. Егер бұрын 1 класты бидайдың өну сапасы 95% болса, енді өну сапасы 90% бидайды 1 класс деп қабылдаймыз. Бұл шаруашылықтар үшін үлкен жеңілдік», — дейді Маймұна Мәмекова. 

Жалпы СҚО-да биыл 4,3 млн гектар алқапқа дәнді және майлы дақыл егу жоспарланған. Бұл мақсатқа 485 мың тонна тұқым қажет.

«Шеттен әкелінетін тұқым негізінен Қорғаннан келеді. Мұндай тұқымды тексермес бұрын біз сол елдің сәйкестік сертификатын сұраймыз, сондай-ақ біздің елдің карантиндік сертификаты болуы тиіс», — дейді Маймұна Мәмекова.