itemprop="image" itemscope itemtype="http://schema.org/ImageObject">

Қасым-Жомарт Тоқаев Ерванд Тихоновичтің ғұмыр жолын жасампаз патриотизмнің,айрықша жанқиярлық пен аса жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі деп санайды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Табыстың оңай келмейтінін түсінгені жөн. Еңбек – бәрін жеңбек. Мейлі,спортта,бизнесте,білімде,ғылымда,далалық жұмыста не зауытта болсын,өз ісіне шын берілген,көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі,ерлік пен еңбекқорлықтың,төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз,сондай-ақ ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович,сізге мықты денсаулық,бақ-береке,мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында "Өзіңізді сақтаңыз!" деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп,серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп,отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
"Мұны Қазақстан альпинистер қауымы жеткен жетістіктердің мемлекет деңгейінде танылуы деп түсінемін. Шын мәнінде,біздің табысымызды шетелдік альпинистер де мойындайды. Осыған куә болғаныма қуаныштымын",– деді ұлттық құраманың тәлімгері.