Қазақстан мен Армения президенттері келіссөз жүргізді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Армения Президентіне ілтипат көрсетіп,еліміздің қазақ-армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты.
"Бүгінгі уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал етеді деп сенемін. Біз қазақ-армян серіктестігінің негізі саналатын жоғары деңгейдегі кездесулерімізге ерекше мән береміз. Қазақстан Армениямен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Қазақ елінің армян халқына ықыласы ерекше. Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі. Біздің халықтарды берік достық,ортақ тарих және ұқсас мәдени-гуманитарлық құндылықтар байланыстырады. Екіжақты қатынастар барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Армения арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толғаны аталып өтетінін,осы уақыт аралығында ауқымды институционалдық база қалыптасқанын айтты.
"Сауда-экономикалық ықпалдастықтан бөлек,қос халық арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар соны серпінмен дамып келеді. Былтыр Ереванда Армениядағы Қазақ театрының күндері өтті. Келесі жылы Сіздің еліңізде Қазақстан мәдениетінің онкүндігін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгін Өзіңізбен бірге Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысамыз",– деді Қазақстан Президенті.