Бүгін Алматы қаласындағы "Ғылым ордасы" ғимаратында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктерін ғылыми қоғамдастыққа ресми таныстыруға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға 42 тан аса ЖОО мен 40 жуық ғылыми зерттеу институттарының бірінші басшылары мен өкілдері,сондай-ақ 50-ден астам жас ғалымдар қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлыұлы Күрішбаев құттықтау сөзінде Қазақстан ғылымы саласындағы жүйелі реформалардың маңыздылығын және ғалымдардың салмақты дауысқа ие болатын жаңа басқару механизмін құру қажеттілігін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясын құру және оған мемлекеттік мәртебе беру осы жаңа жүйенің негізгі элементі екендігіне баса назар аударды.
Фото: ҚР Президенті жанындағы Ғылым академиясы
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз бейнеүндеуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 маусымдағы Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру арқылы оның рөлін арттыру туралы тапсырмасын еске салды. Ол бұл тапсырманы іске асыру кезеңдерін,соның ішінде "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құруды және Академияға Президент жанындағы ерекше мәртебе беруді атап өтті. Министр сондай-ақ жақында ғана қол қойылған "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Заңның ғылым саласындағы соңғы уақыттағы басты жаңалық екенін атап өтті.
Фото: ҚР Президенті жанындағы Ғылым академиясы
Арнайы құттықтау сөзін жіберген Алматы қаласының әкімі Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының елдегі ғылым мен білімнің негізгі орталығы екендігін еске салып,Академияның мақсаттары қаланың дамуының негізгі бағдарламаларымен тығыз байланысты екенін баса айтты. Ол жаңа академиктерді лайықты атақтарымен құттықтап,отандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосқандығын атап өтті.
Жаңадан сайланған академиктерге дипломдар мен төсбелгілерді ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки ресми түрде табыс етті.
Фото: ҚР Президенті жанындағы Ғылым академиясы
Бүгінгі іс-шара Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ ел дамуындағы ғылымның маңызды рөлін айқындап,Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңартылған құрамын қалыптастыру үрдісінің бастауын белгіледі.
Осы іс-шара аясында ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Жабагин Мақсат Қизатұлы кеңестің алты айлық жұмысы туралы есеп берді. Жиынға академиктер де қатысып,өзара сабақтастық қалыптасты. Жас ғалымдар отандық ғылымның дамуын талқылап,тың ұсыныстар айтты.
Фото: ҚР Президенті жанындағы Ғылым академиясы
Естеріңізге сала кетейік,Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы әр түрлі білім салаларының жетекші ғалымдары мен зерттеушілерін біріктіретін елдегі ең жоғары ғылыми ұйым. Академия Қазақстандағы ғылымның,технологияның және инновацияның дамуында маңызды рөл атқарады,ғылыми зерттеулерге,білімді таратуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі.