Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде елде COVID-19 қайта тарап жатқаны туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Желіде тараған хабарламада Алматыдағы ауруханалар науқасқа толы екені,көптеген науқас өкпені жасанды желдету аппараттарына (желдеткіш) қосылғаны айтылған.
Денсаулық сақтау министрлігі тараған ақпаратты жалған деп атады.
"Мессенджерлерде жұқпалы аурулар ауруханалары COVID-19 пациенттерімен толып жатқандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Коронавирустық инфекцияның жағдайы бақылауда. 2024 жылдың басынан бері елде 1356 COVID-19 оқиғасы тіркелді,бұл былтырдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 8 есе аз. COVID-19 төсектері жұқпалы аурулар бойынша төсек қорының 0,1 пайызын алады. Өлім тіркелген жоқ",- деп хабарлады ведомстводан.
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасында өңірдегі коронавирус жағдайы тұрақты екенін алға тартты.
"Алматыда коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Қаланың жұқпалы аурулар ауруханаларында төрт ересек науқас емделіп жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар жоқ. Балалар арасында ауру тіркелген жоқ",- деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты ресми ақпарат көздерінен алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырды.
"Дұрыс емес ақпарат тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді",- деп қорытындылады ведомстводан.