Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты азамат А.-ның Қазақстан Республикасының Үкіметіне "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 және оған өзгерістер енгізу туралы 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулыны заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша істі қарады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Шағымдалған №20 қаулының 3 және 3-1 тармақтарында:
"3. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылсын";
"3-1. Астана,Алматы,Шымкент қалаларының,Ақмола,Жамбыл,Қарағанды,Қостанай,Павлодар,Солтүстік Қазақстан,Түркістан,Шығыс Қазақстан,Абай,Жетісу және Ұлытау облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын" - деп көрсетілген.
Талап қоюда уақыт белдеуінің астрономиялық уақытқа сәйкес келмейтіндігі,жаңа НҚА қабылдауға әкеп соғатындай мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдауға жауапкердің өкілеттігінің жоқтығы көрсетілген.
"Сонымен қатар,2000 жылғы 23 қарашадағы қаулы қабылданғаннан бері 24 жылдан астам уақыт өткен,талап қоюшы талап қоюдың жалпы үш жылдық ескіру мерзімін өткізіп алған. Нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан астамын өзгерту туралы дәлел расталмады,бұл мән-жай Үкіметтің қаулысын заңсыз деп тануға негіз бола алмайды,себебі жауапкердің НҚА шығару рәсімі бұзылмаған".
Сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.