Түркістан облысы Келес ауданында 12 жастағы оқушы smart сарқыраманың моделін құрастырды,- деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Келес ауданында орналасқан Әлия Молдағұлова атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Әділбек Думан smart сарқыраманың моделін құрастырып шыққан. Ол өзінің туындысы келешекте ақылды үйлерде орын алады деген үмітте.
Әділбек Думанның ғылыми жетекшісі Шамсияат Алтаеваның айтуынша,Smart сарқыраманың ерекшелігі – адамдарға бос уақытында судың дыбысынан,табиғаттың көрінісінен,салқын ауада психологиялық тұрғыда демалуына жағдай жасау. Бұл үй жағдайында адамның миын тынықтырып,демалуына себебін тигізеді.
Шамсияат Алтаева табиғат ғылымдарын терең меңгергенде ғана біз өзіміздің айналамызды толық зерттеп біле алатынымызды айтады. Ол "дыбыс толқындары" адам денсаулығына қалай әсер ететінін айтты.
"Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Табиғат ғылымдарын терең меңгергенде ғана біз өзіміздің айналамызды толық зерттеп білеміз. Жалпы ғылымда "дыбыс толқындары" деген ұғым бар. Судың дыбысы егер шамадан тыс аспаса,адам денсаулығына пайдасы бар екендігі медицинада дәлелденген. Сондықтан шәкіртім Думанның,үйлерге сарқырама қою идеясы қай тұрғыдан алып қарасақ та тиімді әрі пайдалы болмақ",– дейді мектеп мұғалімі.
Думан жас кезінен ізденімпаз,талапшыл оқушы. Жас ғалым жақында ғана өткен "Зерде" оқушылардың ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңіне қатысқан. Ол байқаудан құр қол қайтапай,білімі мен еңбегі арқасында жеңімпаз атанып қайтты.