Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі балабақшалардың жағдайын айтты,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша,елімізде 950 мыңнан аса бала қамтылған 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым бар.
"Былтыр 66 мыңнан аса орынға 613 балабақша ашылды,ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 91,5 пайызға дейін өсті. Биыл бұл көрсеткішті 92,5 пайызға дейін арттыру жоспарланып жатыр. Астанада әлі де балабақшалар жетіспейді. Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту - 81 пайыз",- деді Бейсембаев елордада өткен педагогтер форумында.
Ал мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауға кезекте тұрған балалар саны - 57 283 адам.
"2025 жылға дейін бұл мәселені шешу үшін 10 балабақша ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар,әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 97 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Оның 11 712-сі астананың балабақшаларында",- деді министр.