Ай

"Digital Bridge 2022" – еліміздің IT саласындағы ең айтулы шара

Feb 28, 2024
Астанада "Digital Bridge 2022" халықаралық технологиялық форумы аяқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Астанада "Digital Bridge 2022" халықаралық технологиялық форумы аяқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Екі күнге жалғасқан іс-шараға 300 IT-компания, 200 спикер мен 70 инвестор қатысты. Бұдан бөлек форумды көруге келген адамдар саны да көп болды.

Осыған дейін ең ауқымды шараның пленарлық отырысына Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқанын https://inbusiness.kz/kz/news/kazakstan-euraziyalyk-kenistiktegi-en-iri-cifrlyk-habtardyn-birine-ajnaluga-tiis-memleket-basshysy жазған болатынбыз.

Форумда цифрлық технологиялар мен инновациялардың жетістіктері, даму қарқыны талқыланып, жаңа жобалар көрсетілді, IT-ға аяқ басқан мамандар стартаптарын таныстырды. 

Форум аясында ІТ-инновацияны дамыту бойынша 29 меморандумға қол қойылды.

Соның ішінде Sabah Lab (Әзәрбайжан), ЖТП (Қырғызстан), Bilisim Vadisi (Түркия), Bilkent Cyberpark (Түркия), Өзбекстан IT паркі (Өзбекстан) және Astana Hub IT-стартаптар технопаркі арасындағы инновациялық экожүйені бірлесіп дамыту туралы, Astana Hub пен TikTok платформасы арасындағы және т.б. келісімдер бар.   

"Қазір біздің технопарк ІТ-саладағы адами капиталды дамытуға арналған бағдарламаларды жандандырып жатыр. Соның ішінде Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жеке тұлғаларды ІТ бағытында оқытуды қаржыландырып, кадрлар мен білім орындарын ынталандыруда. Сондықтан EPAM және New Age ІТ-компаниялармен ынтымақтасу арқылы еліміздің ІТ-саласына серпін жасағымыз келеді", – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Форумда технопарктер, ІТ-мектептер көрмесі, ІТ-стартаптар аллеясы, ІТ-бос орындар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы, VR, GameDev және 45 панельдік сессия өтті.

Мысалы, "Қазақстандағы GovTech дамуы: бизнеспен коллаборация" панельді сессиясында мемлекеттік қызметтерді ел азаматтарына қолжетімді ету мәселесі қарастырылды.

"Smart Bridge порталы пайда болғалы, GovTech қарқынды түрде дами бастады. Осылайша мемлекет бизнеске деректердің қолжетімдігін қамтамасыз етеді. Банк қосымшаларында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер елде FinTech-тің таралуымен тікелей байланысты. Бұл азаматтар үшін өте тиімді, себебі енді біршама платформадан ақпарат алуға тіптен оңай болды", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Ал "Инновациялық экожүйені экомикалық өсу драйвері ретінде дамыту" панельдік сессиясында технопарктердің өкілдері және түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сарапшылары өз елдеріндегі инновациялық экожүйені дамыту шеңберіндегі бастамаларға тоқталды.

"Жалпы инновациялық идеяларды енгізу қашан да артықшылықтар болатынын айтқым келеді. Бұл басымдық болады. Қандай да бір саланы нығайта отырып, сіз басқа секторлар үшін бір базаны қалыптастырасыз", – деді Startup Central Eurasia координаторы Ираклий Кашибадзе.

"5G on Silk Road" тақырыптық сессиясында бұл саланың әлемдік және өңірлік көшбасшылары 5G спектрін пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ бесінші буын желілерін өрістету жолындағы мүмкіндіктер мен кедергілерге тоқталды.

"Біздің есебіміз бойынша 5 млрд адам 5G қолдана алады. Бірақ біз дамуымызды тоқтатпаймыз. 5G қолдану инфрақұрылымдарға қолжетімді болу, халықаралық лимиттерге байланысты. Бұл мемлекет бойынша қарастырылу керек. Цифрлық экономиканы Қазақстан бойынша дамыту үшін 5G қажет", – деді GSMA компаниясының Еуропадағы Қоғамдық саясат жөніндегі директоры Ласло Тотт.

"Қазақстанда 5G желілерін іске қосу Астана, Алматы, Шымкент секілді республикалық маңызы бар қалаларда 2022 жылдың соңына қарай, облыс орталықтарында 2023-2025 жылдары жоспарланып отыр. 2019-2021 жылдар аралығында мобильді операторлар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тестілеу өткізді", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.

Форумның ең маңызды кезеңі – Astana Hub Battle конкурсы. ІТ-стартаптар жарысында 1-орынды Nbfit стартапы (10000 АҚШ доллар) иеленді. Бұл аналарға босанғаннан кейін қалпына келуге көмектесетін бағдарлама болып есептеледі. Ал 2-орынды (5000 АҚШ доллар) дүкендер мен мейрамханаларда қосымша жұмыс іздеуге арналған онлайн сервис EasyTap жобасы алды. Үздік үштікке CYBIONYX (3000 АҚШ доллар) кірді. Команда жұмысшы мамандықтарына қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек финалға өтпегенімен Aident стартапы MOST Ventures венчурлық қорының атынан 20 000 АҚШ доллар көлемінде ақшалай жүлдеге ие болды. Бұл стартап тістің суреттерін талдауға арналған жасанды интеллектке негізделген бұлтты қызметті ұсынады.

Айта кету керек, форумды еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, елорда әкімдігі, Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі ұйымдастырды.