ПОДЕЛИТЬСЯ
Түркістан облысында жалғызбасты ана өзін белгісіз адамдар ұрлап кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша,үш ер адам балалардың көзінше үйіне баса-көктеп кіріп,оны күштеп Шымкенттегі Komek Center психологиялық көмек көрсету орталығына алып кеткен,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әйелдің айтуынша,орталықта оны ешқандай медициналық немесе құқықтық негізсіз ұстап,қол-аяғын скотчпен байлап,белгісіз дәрілер салған. Салдарынан ол есін білмейтін күйге түскен және оны белгісіз құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген.
"Мен бас тартқан кезде олар маған белгісіз дәрілерді егіп,ес-түссіз күйге түсірді. Қол-аяғымды скотчпен байлап тастады. Мен отбасыма хабарласқан соң ол жерден шықтым.
Орталықта жүргенде кәмелетке толмаған қыздар мен ұлдарды қорқытып,ешқандай көмек көрсетпей ұстағандарын өз көзіммен көрдім",- дейді ол.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Әйел Қазақстан Президентіне ашық бейнеүндеу жолдап,араша сұрады.
Полиция департаменті жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр:
"Орталықтың қызметі тексеріліп,құжаттары мен жазбалары қаралып жатыр,екі тараптың да дәлелдері зерттеліп жатыр.
Тергеу заң аясында жүргізіледі. Біз барлық дерекке объективті әрі жан-жақты тексеру жүргіземіз",– деп мәлімдеді полиция.