Алматыда полиция жерасты өткелдерінде есірткі жарнамасын салған "суретшілерді" ұстады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуезов ауданының тәртіп сақшылары жастар түнгі уақытта әрекет еткенін анықтаған. Олар кең көлемді платформалар,көбінесе өткелдердегі бетон қабырғаларға сурет салған. Күдіктілер ұсталып,прокуратураның үйлестіруімен қамауға алынды. Есірткілерді насихаттау және жарнамалау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Күдіктілердің бірі – 18 жаста,екіншісі – 22 жаста. Екеуі де басқа жақтан келгендер,Алматыда тұрақты жұмысы жоқ. Ұсталғандардың айтуынша,олар "оңай ақша табуды" интернеттен тапқан. Олардың "жұмыс берушілері" міндетті түрде анықталып,жауапқа тартылады",– дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Алматы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы мәліметінше,жыл басынан бері полицейлер 37 есірткі сатушыны ұстаған. Есірткі сатуды насихаттаған 451 интернет-ресурс бұғатталды.