Шымкенттің Спорт сарайы мемлекетке қайтарылды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Шымкент қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Қала прокуратурасының талап арызы бойынша Шымкенттегі Спорт сарайы (қазіргі Мұзсарайы) мемлекетке қайтарылды.
"2017 жылы Шымкент "Спорт сарайы" ЖШС-ның 67,09 пайыз үлесі жекешелендіріліп,құны 1 миллиард теңгеге,яғни нарықтық құнынан 8 есе аз сомаға сатылғаны анықталды.
Сонымен қатар,Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан,аукционға қатысушы ретінде тіркелуге жатпайды",- делінген хабарламада.
Спорт сарайы оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын болып саналады.
"Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін "Мемлекеттік мүлік туралы" ҚР Заңының нормалары бұзылған.
Сондай-ақ,5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған".
Шымкент Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімі бойынша,жекешелендіру нәтижелері жойылғаны айтылды.
Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков (@gabit_syzdykbekov)