Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты,- деп хабарлайды Massaget.kz.
Сенат кулуарында журналист министрдің орынбасарына "Қытайда шығарылған көптеген автомобильдің алдыңғы терезесі қараңғыланған. Қазақстанда мұндайға рұқсат берілуі мүмкін бе?" деп сұрақ қойды.
Марат Қожаев ІІМ бұл мәселені қарастырылып жатқаны жеткізді.
"Қазір Ішкі істер министрлігі алдыңғы терезені қараңғылауға тыйым салу тарихын зерделеп жатыр. Мәселені Мәжіліс депутаттары да көтеріп жүр. Кедендік одақ регламенті бар. Онда алдыңғы терезе қаншалықты қараңғылауға тиіс екені жазылған. Бұл жол қозғалысы және Жол жүрісі ережесінің бұзылуы кезінде жүргізуші мен жолаушыны сәйкестендіруде қиындықтың болуына байланысты",- деді ол.
Министрдің орынбасары алдағы уақытта шешім қабылданатынын жеткізді.
"Бүгінде құқық бұзушылықты тіркейтін жаңа техникалық құралдар шығып жатыр. Сондықтан (алдыңғы терезені қараңғылауға рұқсат беру) қаншалықты мүмкін екенін немесе жол қозғалысы,қоғамдық тәртіп қауіпсіздіген зиян тигізетінін зерделеудеміз. Мәселе зерделеніп жатыр,жақында сіздерге сарапшылық қорытындымызды айтамыз",- деді Марат Қожаев.