Саяхат жасау

Қазақстан халқы енді Тайландқа "тегін" барады

Apr 2, 2024
"Тайлар елі" қазақстандықтар арасында өте танымал бола бастады.

"Тайлар елі" қазақстандықтар арасында өте танымал бола бастады.

Фото: canva.com

Өткен жылы Тайландта қазақстандықтардың рекордтық саны демалды. Осы елдің Туристік басқармасының (TAT) дерегінше, пандемияға дейінгі 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, былтырғы туристік маусымда, яғни 2023 жылдың 8,5 айында Қазақстаннан барған саяхатшылар саны 2 есеге артып шыға келген.

ТАТ дерегінше, Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан осы патшалықта былтырғы 1 қаңтар мен 17 қыркүйек аралығында 109 865 қазақстандық тынығып қайтқан. Осылайша, 2019 жылғы көрсеткіштен екі есе асты.

Бұл ағынның артуына әрі қарай серпін беру үшін Тайланд 2023 жылғы 25 қыркүйектен 29 ақпан аралығында Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізді. Оған сәйкес, қазақстандық туристер осы аралықта Тай елінде 30 күнге дейін емін-еркін жүре алды.

Осының арқасында бес ай ішінде Қазақстаннан Тайландқа 130 мыңға жуық жаңа турист жол тартқан.

Дегенмен, визасыз режим аяқталғандықтан биыл былтырғы рекорд жаңартылмауы ықтимал еді. Себебі, қайтадан виза рәсімдеуге бас қатырып, қомақты шығындалуға тура келмек.

Туристік басқармасының түсіндіруінше, Тайланд Корольдігі 2023 жылғы 25 қыркүйектен бастап, Қазақстан мен Қытай халық республикасының азаматтары үшін туристік мақсатта 30 күн болуға визасыз режим енгізген болатын. Бұл жеңілдік 2024 жылғы 29 ақпанда доғарылды. Себебі, тиісті заңның күші жойылған.

"Қазақстанның тұрғындары енді визаны Тайландқа барғанда рәсімдейді. Олар ең көп дегенде, 15 күнге дейін бола алады. Бұл мүмкіндікке қол жеткізіп, виза алу үшін біріншіден, мерзімінің аяқталуына 6 айдан көп уақыты бар Қазақстан азаматының паспорты керек. Екіншіден, әуежайда берілетін анкетаны ағылшынша, баспа әріптермен толтыру қажет. Үшіншіден, 4х6 көлемді, 2 дана, түрлі-түсті фотосурет талап етіледі. Өзіңізбен алып баруды ұмытсаңыз, әуежайда фотоға түсірудің ақылы қызметі ұсынылады. Төртіншіден, толтырылған иммиграциялық картаны сұрайды, оны жолаушыларға ұшақ ішінде таратады", – деп түсіндірді елордалық турфирма менеджері Юлия.

Бұдан бөлек, тайлық виза алу үшін әрбір туристтің қолында кем дегенде 700 доллары немесе отбасы үшін 1 500 доллары болуға тиіс. Сондай-ақ, Туристік ваучерді, кері қайтатын билетті талап етеді.

Виза құны 2200 бат немесе шамамен 70 доллар.

Сала мамандары осының өзін біздің елге берілген артықшылық, жеңілдік санайды. Әйтпесе, мысалы, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты орталықазиялық елдердің азаматтарына визаны барғанда алуға (по прилету) тыйым салынған. Сондықтан олар тайландтық визаны сапардан бұрын рәсімдеуге, Астанада, "Самал" шағынауданындағы "Астана Тауэр" заңғарында орналасқан Тайланд Корольдігінің консулдығына тікелей жүгініп, визаны өз бетінше ашуға мәжбүр.

Алайда Қазақстан азаматтарының мәртебесі бұдан да асқақтауы ықтимал. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі "Қазақстан Республикасының Үкіметі және Тайланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге" қол қойылатынын жариялады.

Келісімге Қазақстан Үкіметі атынан қол қою өкілеттігі Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге беріледі.

"Тайланд Корольдігінің азаматтары күнтізбелік 180 күннен тұратын әр кезең (жартыжылдық) ішінде жиынтығында күнтізбелік 30 күн визасыз Қазақстанға келе алады және Қазақстаннан кете алады. Келісім жобасын қабылдау бюджет кірістерінің азаюына, шығындардың көбеюіне әкеліп соқпайды. Ол теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге салдарларға соқтырмайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмейді. Жоба бойынша Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-құқықтық сараптамасының қорытындысы бар", – деді түсіндірме жазбада Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров.

Бұл ретте екі елдің азаматтары 30 күн тіркелусіз жүре алады. Әрі қарай қалғысы келсе, сол жақта виза рәсімдеуі керек.

СІМ басшысының орынбасары келісім бекітілген соң, екі елдің ұлттық паспорттарының иелері виза алудан өзара толық босатылатынын, ал бұл Қазақстан мен Тайланд Корольдігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың дамуына серпін беретінін қосты.

Нәтижесінде, қазақстандықтар отбасының әр мүшесіне виза алу үшін 70 доллардан шығындалмай, Тай еліне тегін бара алады. Әрі Қазақстанның көгілдір паспортының да мәртебесі биіктей түседі. Әйтпесе, Тайланд ТМД елдері арасында тек Ресей және Украина азаматтарын ғана виза алудан толыққанды босатқан.

Келісімді Парламенттің ратификациялауы талап етілмейді екен. Сондықтан құжат қабылдау рәсімдері аяқталысымен, барынша тез күшіне енуі мүмкін.

Жобалық және риск-менеджер, алматылық кәсіпкер Гела Каралидзе мұны қазақстандық дипломаттардың тамаша жетістігі деп бағалады.

"Енді Қазақстан мен Тайланд патшалығы арасында инвестицияларды өзара қорғау туралы, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерге қол қойылып, жылдам ратификацияланға, тіпті қатып кетер еді. Тайландта таныстарым тұрады, олармен сөйлестім. Олар өз бизнесіне қазақстандық байлардың инвестициясын тартуға мүдделі болып отыр. Оның үстіне кейінгі кезде біздің азаматтар да бұл патшалықта жылжымайтын мүлікті, баспананы сатып ала бастады", – деді Гела Каралидзе мырза.

"Мемлекеттер өз арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу үшін өз аумақтарында өз мемлекеттері азаматтарының келуін жеңілдетеді. Бір тарап мемлекетінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағына келу, кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін олардың келген күннен бастап күнтізбелік 180 күннің әр кезеңі ішінде жиынтығы күнтізбелік 90 күн болатындай күнтізбелік 30 күннен аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады. Егер осы баптың 1-тармағында аталған адамдар екінші тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 30 күннен артық болуға ниет білдірсе, сол тарап мемлекетінің заңнамалары мен қағидаларына сәйкес талап етілетін тиісті виза алуға тиіс", – делінген екіжақты келісімнің жобасында.

Құжат күшіне енген соң қазақстандықтар – Тайландтың, тайлықтар – Қазақстанның "кез келген шекаралық өткізу пункттері арқылы өзге елдердің аумағына кіре алады немесе транзитпен өте алады".

"Осы келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен соң күшіне енеді", – деген мерзім белгіленген құжатта.

Бір ғажабы, қос мемлекет келісімді "қазақ, тай және ағылшын тілдерінде" ғана бекітеді.

Сонымен, Тай елі қазақ саяхатшыларын қуана қарсы алуға әзір. Осының алдында Тайланд Премьер-министрі Сретта Тависин мемлекет үшін табыс табу мен жұмыс орындарын ашуда бұдан былай туризм – басты фактор болатынын мәлімдеді.

"Туризмнен түсетін табысты арттыру мақсатта біз "саяхаттарды оңайлату" саясатына көштік. Ол нысаналы мемлекеттердің туристерін визалық алымнан және виза алудан босатуды қарастырады. Біз Қазақстан мен Қытайдан келетін саяхатшылар үшін визасыз режимге бастамашы болдық. Себебі, осы екі ел Тай туризмін жандандыру үшін өсім әлеуеті зор нарық болып саналады", – деді Сретта Тависин Суварнабхуми әуежайында алғашқы "визасыз" қазақстандық туристерді қарсы алу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Жалпы алғанда, бұл патшалық жылына 30 миллионнан астам шетелдік туристерді қабылдауды жоспарлап отыр. Жоспары жүзеге асса, мемлекеттің бюджеттің кірісінің шамамен 80%-ы бір ғана туризмнен түспек. Былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында 19 миллионнан астам шетелдік турист Тайландты таңдапты.

Қазіргі кезде қазақстандықтардың көбі патшалыққа Алматы арқылы ұшып жүр. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, визасыз режим аясында Қазақстан мен Тайланд арасындағы рейстер саны күрт артады. Осы мақсатта екі елдің авиациялық биліктері арасында келіссөздер жүрді.

Алдын ала уағдаластық бойынша қос мемлекет арасында қатынайтын рейстердің тұрақты рұқсат етілген саны 35,4 пайызға – 402-ден 544-ке дейін арттырылады. Соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанда, Шымкент қалалары мен Бангкок, Пхукет, Краби, Утапао арасында аптасына 84 рет рейс орындалады. Қалған келісімді маршруттер бойынша аптасына 10 рейс жоспарланған.