Премьер-министр үлескерлер үшін тәуекелдерді толығымен жоюы тиіс үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет отырысы барысында премьер-министр үлестік құрылыс саласындағы нормативтік реттеу қажеттігіне назар аударды.
"Көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп,үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Қазір Парламент Мәжілісі Үлестік құрылыс мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет. Бұған қоса,үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін тәуекелдерді толығымен жоюға тиіс",- деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ,премьер-министр келесідей тапсырмалар берді:
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп,тұрғын үйлер мен инженерлік желілерді іске қосудың биылғы және 2025 жылға арналған жоспарларының орындалуын қамтамасыз етсін;
жаңа ипотекалық бағдарламаларды және құрылыстың болжамды өсімін ескере отырып,жауапты министрлік мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп,құрылыс және коммуналдық секторлар жобаларындағы отандық материалдар үлесін арттыруын қамтамасыз етсін.
Сондай-ақ,құрылыс материалдарын өндіру бойынша жоспарланған жобаларды 2025 жылы іске қосу қажет;
Ғылым және жоғары білім,Оқу-ағарту,Өнеркәсіп және құрылыс,Еңбек министрліктеріне нарықтың сұранысын ескере отырып,осы мамандарды даярлау мәселелерін пысықтауы қажет – 2030 жылға дейін құрылыс саласына 200 мыңнан астам білікті маман қажет болады.