ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті өңірде "Sax Invest" қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғалар тобына қатысты соталды тергеу жүргізіп жатыр,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Sax Invest" компаниясы өзін инвестициялық қор,бағалы қағаздарды,қаржы құралдарын және басқа да активтерді ұстаушы,сондай-ақ Африкадағы алмаз өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсетті. Компания тіркеуден өтпеген және қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізілімінде жоқ. "Sax Invest" қызметі қаржы пирамидасына тән белгілерге ие болды:
жылдық 24-36 пайызға дейін жоғары кірістілік уәдесімен бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте агрессивті және жаппай жарнаманың болуы;
ұйымның қаржылық жағдайы,меншікті негізгі құралдары,басқа активтері туралы қандай да бір ақпараттың болмауы.
"2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 1000-нан астам пирамида салымшылары 1 миллиард теңгеден аса қаражат аударған. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарған ҚР азаматы күдікті ретінде ұсталып,УҰИ қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр,ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды",- делінген хабарламада.
Филиалдары республика бойынша жұмыс жасаған "Sax Invest" қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы С.Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланды.
Сәтжан Меңдіғалиев. Фото құқықтық статистика органдары/qamqor.gov.kz сайтынан алынды
Сондай-ақ,елордада "Sax Invest" компаниясы директорының ұсталғаны жайында бұрын хабарланған болатын. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
"Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері "Qnet","World Business Consulting","Finiko" "Antares"/"Antares Trade","Sincere Systems Group"/"S-Group","Hermes LTD","Life is good","Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" сияқты қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.