Президент Үкімет мүшелерімен еліміздің экономикалық жағдайын талқылады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және Үкіметтің ортамерзімді кезеңге арналған болжамдары қарастырылған кеңес өтті.
Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов,Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай,Ұлттық банк төрағасы,Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы,Үкімет мүшелері және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Президентке негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері,республикалық бюджеттің биылғы 7 айдағы орындалуы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы макроэкономикалық параметрлер жөнінде баяндалды.
Үкімет келесі жылы экономика 5,6 пайыз деңгейінде өсім көрсетеді,ал инфляция 5,5-7,5 пайызға дейін төмендейді деп болжам жасап отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметке макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау және мемлекеттік бюджет сапасын арттыру,орталықтағы және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік шығындарды басымдығына қарай реттеудің нақты механизмін енгізу,сондай-ақ көлеңкелі экономикамен күрес шараларын күшейту туралы міндет жүктеді.