Патрульдік полицияның мамандандырылған батальонының автоэкипажы екі мопед жүргізушісін құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Олардың реакциясы полицейдің видеожетонына түсіп қалған,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тоқтағаннан кейін жүргізушілер наразылығын білдіріп,полицейлермен дауласқан. Осы уақытта топқа өзін мопед иесі ретінде таныстырған жігіт қосылады. Көлік құралдарына құжаттары жоқ екенін анықтағаннан кейін полицейлер мопедтерді коммуналдық тұраққа қою үшін алып,жастарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға шешім қабылдайды. Сол кезде олардың бірі қашуға тырысқан. Арнайы батальон қызметкерлері оны жедел ұстап,құқық бұзушыларды бөлімшеге жеткізген.
Ұсталғандарға қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мопедтер коммуналдық тұраққа қойылды. Заңбұзушыларға 35 АЕК (2024 жылы 129 220 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.