Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлемде метапневмовирустың (HMPV) таралуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) жүгінді. Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенова мәлімдеді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша,қазіргі уақытта алдын алу шараларын жүргізу маңызды.
"Күні кеше ДСМ бұл мәселе бойынша өз пікірін білдірді. Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ға ресми сұрау жолдады. Жауап келді – тек бізге ғана емес,басқа елдерге де. ДДСҰ бұл вирус елдерде жылдар бойы айналымда екенін айтып,алаңдауға негіз жоқ екенін хабарлады. Біз осыдан шығатын қорытындыны ұстанамыз. Жалпы,бұл қалыпты құбылыс. Тағы да ДДСҰ-ға сілтеме жасай отырып,айтамын,бұл біз бірге еңсеруіміз керек қалыпты кезең",– деді Дүйсенова.
Адам метапневмовирусы (HMPV) – тыныс алу жолдарын зақымдап,өкпенің жоғарғы және төменгі бөліктерінде қабыну тудыратын вирус. Бұл вирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландта анықталған,бірақ кейбір деректер бойынша ол 1950-жылдардан бері адамдар арасында айналымда болуы мүмкін.