Павлодарда Mercedes автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі ірі көлемдегі - 2 миллион теңгеден асатын айыппұлмен ұсталды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол ережесін өрескел бұзған жергілікті тұрғын Назарбаев даңғылында полиция қызметкерлерінің назарына ілікті.
"Қысқа мерзім ішінде жүргізуші жол ережесін шамамен 30 рет бұзған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асып түсті. Кей жағдайларда ол көлігін аса жоғары жылдамдықпен айдаған. Автокөлік шетелде тіркелген. Қазіргі уақытта көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды,ал жүргізуші барлық айыппұлдарды толық төлеуге міндетті. Мәселен,қазанда жүргізуші Омбы тасжолында жылдамдық режимін бұзып,елді мекен ішінде 60 км/сағ шектелген жылдамдық орнына 93 км/сағ жылдамдықпен жүрген",- деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.