Қазақстанға келетін саяхатшылар үшін Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл виза заманауи көшпенділерге - саяхаттап,қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған. Жаңа визалық режим пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті енгізген 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесін назарға алған.
Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік азамат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек,оның мөлшері айына кемінде 3 000 АҚШ доллары болуы керек. Сонымен қатар негізгі кіріс талаптарынан басқа,шетелдік өтініш берушіден медициналық сақтандыру және соттылығының жоқ екені туралы анықтама талап етіледі.
Виза қашықтан жұмыс істейтін туристерге,яғни бағдарламалау,маркетинг,қаржы,консалтинг,дизайн және электронды коммерция сияқты түрлі салаларда қызмет ететін шетелдік азаматтарға арналған. Виза иелерінің бір жылға дейін Қазақстанда тұруға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде олар шетелдік компанияларда жұмыс істей алады. Бұл шетелдік туристерге Қазақстан мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік берсе,елге экономикалық пайда әкеледі деп күтілуде.
Виза енгізілген жағдайда жылына 500 адам оны алса,экономикалық әсер шамамен 3,6 миллиард теңге болады деп болжанып отыр. Neo Nomad визасын пайдаланатын шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып,қаражатын осында жұмсайды,бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді.