Алматы прокурорлары жеке сот орындаушыларын жауапқа тартты,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы прокуратурасы әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттардың заңдылығы тұрғысынан талдау жасады.
"ЖСО-ның 1000-нан астам борышкерге қатысты олардың банктік шоттарына және мүлкіне тыйым салу жөнінде шаралар қабылдамаған деректері анықталды,жалақыдан берешекті ұстап қалу жүргізілмеген,сондай-ақ елден тыс жерлерге шығуға шектеу қойылмаған. Заңбұзушылықтар борышкерлердің сот актілерін орындаудан ұзақ уақыт жалтаруына және бюджетке қаражат түспеуіне әкеп соқтырды,осылайша жазаның бұлтартпастық қағидаты бұзылды",- делінген хабарламада.
Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша 50 жеке сот орындаушылары тәртіптік жауаптылыққа тартылды,1 ЖСО-ға қатысты оны палатадан шығару рәсіміне бастама жасалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 75 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді.