Мәжілістегі Amanat партиясының депутаттары Қазақстандағы уақыт белдеуін ауыстыру мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Amanat партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Одан кейін депутаттар Мақсат Толықбай,Ринат Зайытов,Нұртай Сабильянов,Лұқбек Тұмашинов және Самат Нұртаза Қазақстан халқына бейнеүндеу жолдап,елдегі бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды ұсынды.
"Өңірлерге,әсіресе Шығыс Қазақстан,Павлодар,Солтүстік Қазақстан облысы,Абай және Жетісу облыстарына іссапарлар барысында тұрғындардың көптеген арыз-шағымдары мен тілектеріне байланысты арнайы мәлімдеме жасағымыз келеді. Әріптестерім куә. Халық бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп жатыр. Бәлкім бұл уақыт белдеуі Қостанай,Қызылорда және Батыс Қазақстан үшін ыңғайлы шағар,бірақ Шығыс Қазақстан үшін тиімсіз. Біздің Шығыс Қазақстанда таң түнгі екі жарымда атады,адамдар сиырлардың мөңіреуінен оянасың,ал кешкі бес-алтыда тас қараңғы. Мұндай жағдайда екінші және үшінші ауысымдағы оқушылар үйіне қалай қайтады? Ауылдық жерлерде көше жарығы жоқ,бұл мәселені ушықтырады",- деді депутат Мақсат Толықбай.
Депутаттың айтуынша,Amanat партиясы Парламенттің жалпы отырысында арнайы тыңдаулар өткізеді.
"Еліміздің жері кең болғандықтан,уақыт белдеуін өзгерту мәселесі географиялық ерекшеліктерді ескере отырып,алдын ала зерттелуі керек еді. Бұл біздің денсаулығымызға қалай әсер ететінін және қанша энергияны шамадан тыс жұмсайтынымызды ескеруіміз керек. Сондықтан,бүгін фракция отырысын өткіздік. Үкімет мүшелерін шақырамыз,оған үкімет мүшелерін,ғалымдарды,сарапшыларды шақырамыз. Нақты ұсыныстарыңыз болса,бірге талқылап,үкіметтің түпкілікті шешіміне ықпал етуге тырысамыз",- деп түйіндеді мәжілісмен.