Алматыда бүгін нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қала әкімдігі мәліметінше,жаңбыр кезінде 465 арнайы техника жұмылдырылады.
"1 шілдеде сағат 13.00-ден 20.00-ге дейін Алматы қаласында 12 мм-ге дейін жаңбыр жауады,таулы ауданда да нөсер жауады деп болжанып отыр. Қаланың коммуналдық қызметі тас-түйін дайын. Жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін мотопомпалармен,багрлермен және басқа да шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады. 2,5 мың қап құм дайындалды",- деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар,жауын-шашын кезінде барлығы 465 арнайы техника,28 мотопомпа және 810 жұмысшы жұмылдырылатыны айтылды.
"Ауа райы бұзылуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына тауға бармау ұсынылады. Жүргізушілерге ағаштардың құлау және электр желілерінің үзілу қаупіне байланысты көлікті жол жиегіне қоймауға кеңес береміз. Су тасқынының алдын алу үшін қала тұрғындарынан арық пен каналды қоқысқа толтырып,бітеп тастамауды сұраймыз. Құқықбұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша "Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу,сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бұзу,қала мен елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады",- деп жазылған хабарламада.