Өндіріс

Дамыған елдерде машина жасау саласының экономикадағы үлесі 30-50%

Feb 28, 2024
Қазақстан мұндай көрсеткішке қашан жетеді?
Фото: inbusiness.kz

Машина жасау әлемдік өндірістегі басты сала саналады. Оның дамуы ел дамуының деңгейін анықтайды. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, дамыған елдер мен дамушы елдер арасындағы машина жасаудың арасындағы алшақтықты байқауға болады. Машина жасау саласы өнімдерінің 80%-ын дамыған елдер өндіреді. Оның ішінде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Канада көш бастайды. Ал дамушы елдер арасында жаңа индустриалдық дамуға көшкен мемлекеттердің үлесі басым. Жалпы алғанда дамушы елдердегі үлес 20% деңгейінде. Ал Қазақстандағы машина жасау саласының дамуы қандай деңгейде? Inbusiness.kz тілшісі шолу жасап көрді.

"Қазақстан машина жасаушылар одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметі бойынша,  бүгінде республиканың өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі 6%-ды құрайды. Ал жоғарыда айтылған дамыған елдерде көрсеткіш 30-50% шамасында. Мәселен, Германияда – 54%, Жапонияда – 51%, Италияда – 36%.

Қазақстан бұл деңгейге жете ала ма?

Машина жасау саласының үлесін арттыру – мемлекеттің басым мақсаттарының бірі. Сондықтан бұл бағытта бірқатар маңызды құжаттар мен бағдарламалар жасалған. Мысалға алып қарайтын болсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "Қазақстанның машина жасаушылар одағы" ЗТБ-мен бірлесіп, "Машина жасау саласын дамытудың 2019–2024 жылдарға арналған Жол картасын" әзірледі.

Саланың болашағын айқындайтын құжатта 11 бағыт бойынша 57 іс-шара көзделген. Жобаны іске асыру кезінде өндіріс көлемін, еңбек өнімділігін 2 есеге арттырып, экспорт көлемін 1,2 есеге өсіру міндеті жүктелген.

"Жол картасы" тек машина жасау кәсіпорындарын ғана емес, сонымен қатар өңдеуші кәсіпорындарды да тиімді дамытуды көздейді. Түпкі мақсат Ұлттық экономиканың әртараптандырылған және технологиялық дамыған секторын құруға бағытталған", – дейді Одақ басшысы Мейрам Пішембаев.

Бүгінде елімізде машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібінде 3 мыңнан астам кәсіпорын бар. Оларда 120 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әлемдік тәжірибеде машина жасау "технологиясы күрделі" салалардың қатарында. Алайда өндірістегі басты сала болғандықтан, басқа да елдер сияқты Қазақстан да күрделі және құны жоғары тауарларды өндіруге мүдделі.

Бұл мүдде қалай жүзеге асып жатыр?

Соңғы көрсеткіштерге назар аударсақ, 2022 жылғы қаңтар-мамырда машина жасау саласындағы басқа көлік құралдарын шығаруды қоспағанда қызмет түрлерінің барлығы дерлік өскен. Динамикаға негізінен автомобиль өнеркәсібіндегі өндірісті 22,8%-ға ұлғайту есебінен қол жеткізілді. Сондай-ақ машиналар мен жабдықтар (+10,1%), электр жабдықтары (+4,9%) өндірісінің ұлғаюына байланысты да өсім тіркелген.

Автомобиль өнеркәсібінде 36 420 жеңіл көлік (+28,6%), 3323 жүк көлігі (+9,2%), 532 автобус (+18%), 246 тіркеме және жартылай тіркеме, 107 басқа мамандандырылған техника (+33,8%), сонымен қатар 111 млн теңгеге автобөлшектер шығарылған.

Мұнай-газ машина жасау бағытында мұнай және газ өңдеу жабдықтарын өндіру көлемі 28,4%-ға өсіп, 69,3 млн теңге, ал мұнай сервистік жабдықтарының өндірісі 1,4 еседен астамға өсіп, 9,8 млрд теңгені құрады.

Ал электротехникада талшықты-оптикалық кабельдер өндірісінің өсімі 2,3 млрд теңгеге жеткен.

Тау-кен металлургиялық машина жасау өнеркәсібінде бұрғылау немесе тунельдеу машиналарының бөлшектерін немесе топырақ қазуға арналған машиналарды, крандардың бөлшектерін өндіру 27,4%-ға өсіп, 9,1 млрд теңгені құрады.

Металл өңдеуде қара металдардан жасалған цистерналар, бөшкелер, барабандар, канистрлер, жәшіктер мен ыдыстар өндірісі 14,2%-ға, орталық жылыту қазандықтары 54,3%-ға өсті.

Цифрлар салада ілгерілеу барын байқатады

Бұған басты себеп – мемлекеттің қолдауы.  Бүгінде отандық кәсіпорындар мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрін пайдалана алады. Мәселен, "Қарапайым заттар экономикасы", "Бизнестің жол картасы 2025", жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бар.

Сарапшылар қабылданған шаралар мен оң динамикаға қарамастан, отандық машина жасау мен металл өңдеу саласының қарқынды өсім көрсететін кезі алда екенін айтады.

Өйткені салаға инвестиция да көптеп тартылуда. 2022 жылғы қаңтар-мамырда машина жасаудың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 26,9 млрд теңгені құрады, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (19,6 млрд теңге) 37,2%-ға жоғары.

Ал металл өңдеуде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7,2 млрд теңгені құрап, 2021 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 10,8%-ға өскен (6,5 млрд теңге).

Қазіргі таңда елімізде машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған бес жылдық жол картасы жүзеге асуда. Әдетте өңдеу өнеркәсібі орташа есеппен жылына 6-7%-дық өсім көрсетеді. Ал Қазақстанда машина жасау саласындағы жыл сайынғы көрсеткіш 10%-дан асып жүр. Жол картасы аясында 2023-2024 жылдар шешуші кезең. Оның үстіне 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 24 млрд долларға дейін және еңбек өнімділігін 30%-ға ұлғайтуды тапсырды.

"Бұл үшін мемлекет Өнеркәсіптік сая­сат туралы заң қабылдап, отандық кәсіп­орындарды барынша қолжетімді шикі­затпен қамтамасыз ету тетігін бекітеді. Отандық агроөнеркәсіптік және өнер­кәсіптік саясат ұштастырылады. Қазақ­станның машина жасау саласы эко­номи­калық өсімнің, жұмыспен қамту мен экспорттың қозғаушы күшіне айнала­тынына сенімдімін", –  деген еді Прези­дент.

2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 30 %-ға ұлғайса, дамыған елдердің деңгейіне бағыт аламыз.