Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының 9 қыркүйектегі жарыс кестесі жарияланды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық құрама спорттың он түрінен сынға түседі.
Көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады. Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан,АҚШ,Ресей,Өзбекстан,Қырғызстан,Венгрия,Қытай,Моңғолия және Түркия. Жарыс "Қазанат" ипподромында өтеді.
Ал ипподром маңындағы этноауылда өтетін аударыспақтан 9 мемлекеттен,64 спортшы тіркелді. Олар: Қазақстан,Моңғолия,Түркия,АҚШ және Ресей. Қазақстан намысын Ермек Құралбай,Алмат Ләтіпбек,Дарын Өткелбай,Есімхан Рахматіллә,Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев қорғайды.
"Арғымақ" ат-спорт кешені дәстүрлі садақ атудан жарыс басталады. 33 мемлекеттен 183 спортшы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута нысанасы 70/60 метр (9 оқтан 7 мүмкіндік),Қалқан нысанасы 60/50 метр (7 оқтан 7 мүмкіндік),Жамбы нысанасы 30 метр (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс (30 метр).
Қазақ күресі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады. Аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.
"Алау" мұз айдыны сарайында өтетін курашқа 27 мемлекеттен 106 спортшы қатысады. Аталған спорт түрінен балуандар ерлер арасында бес салмақта,әйелдер арасында үш салмақ дәржесінде белдеседі. Ел намысын 8 спортшы қорғайды. Олар – Ернұр Сүлеймен,Айбек Қазақбаев,Нұрдін Шаймерден,Бекадил Шаймерденов,Марат Байкамуров,Алтынай Нұрханова,Ажар Салықова және Альбина Бахиева. Айта кетейік,кураш спорты екі жарыс күніне бөлінген.
Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен жарысқа 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Аталған спорт түріне Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 8 спортшы сынға түседі. Олар – Темірлан Шамет,Асылмұрат Бірімжан,Владислав Герасимов,Бердіқұл Алтай,Еркебұлан Ерлан,Жансая Рахметуллаева,Тахмина Гожамбердиева және Ольга Душаева. Мас-рестлинг спортынан бәсеке екі күн болады.
Бүгін асық атудан сынға түсетін спортшылар да жеребе тартып,қарсыластарын анықтады. Олар да 9 қыркүйекте "Алау" мұз айдыны сарайында бәсекеге түседі. Асық атудан 12 мемлекеттен келген 39 спортшы өзара мықтыны анықтайды. Асық атудан ел намысын 8 асық атушы қорғайды. Олар – Нуркисса Молжигитов,Жомарт Нурланов,Керім Жаздықбай,Амандос Айткұлов,Перизат Елемес,Камила Даниярова,Сания Әскер және Көгершін Думан.
Финалдық ойындар 11 қыркүйекте өтеді.