Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда бүгінде қарқынды құрылыс алаңына,өркенді өзгерістердің ордасына айналды.
Қызылордада халық демалатын,әсіресе жаздың аптабында саялайтын орындарды абаттандыру,саябақтар мен сквер-аллеяларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар балаларын ертіп баратын,алаңсыз демалатын,үлкен-кішіге бірдей ыңғайлы,қауіпсіз саябақтар,парктер көп әрі қолжетімді болуы үшін сәулетшілермен жобалар әзірленіп,тиісті жұмыстар басталды. Жаңа аттракциондар,ойын алаңдарын салу,субұрқақтар қатарын көбейту жоспарлануда. Олардың қатарында орталық мәдени-демалыс паркі де бар. Көптеген тұрғындар осы парктің жұмысына,жағдайына сын-ескертпелер айтып,соның нәтижесінде жоба әзірленді.
Келесі жылдың 1 мамырына дейін қаладағы барлық демалыс орындары,атап айтқанда орталық парк,Қорқыт ата,Б.Шөкенов,Тұңғыш Президент атындағы саябақтар жұртшылыққа қолайлы етіп қайта жаңғыртылатын болады. Балалар ойын алаңдары,аттракциондар қойылып,тозығы жетіп тұрған тұстары жаңартылуы,жарықтандырылуы қарастырылған.
Аттракциондардың басым бөлігін тұрғындарға қолжетімді ету ескерілген. Көптеген отбасылардың ірі сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына балаларын апаруға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті демалыс орындары қаланың әр аумағында болуы қажеттігі басты мақсатқа қойылған.
Б.Шөкенов атындағы саябақ
Айта кету керек,биыл Қызылорда қаласындағы орталық алаңды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп,халық игілігіне берілді. Бұл жұмыстар жеке кәсіпкердің демеушілігі есебінен жүзеге асырылды. Оған қоса,бюджет есебінен Әйтеке би мен Ы. Жақаев көшелері абаттандырылды.
Әйтеке би көшесінің Желтоқсан көшесінен А. Байтұрсынов көшесіне дейінгі,Ы. Жақаев көшесінің Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейінгі аралығына жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Облыс орталығындағы Сұлтан Бейбарыс,Н. Назарбаев даңғылы бойында да тұрғындардың демалуына қолайлы жағдайлар жасалынып,субұрқақтар орнатылды. Саябақтарды қайта жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда.