Олимпиада түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының басшысы мен қызметкері бюджет қаражатын жымқырғандары үшін сотталды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Олимпиада түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының басшысы 60 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлағаны және қарамағындағы қызметкерден 4 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
"Спортшыларға арналған спорт залдарын тегін алу мүмкіндігі бола тұра,оларды жалға алу туралы еншілес тұлғалармен мемлекеттік сатып алу шарттары жасалып,оқу-жаттығу жиындарына бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған.
Сонымен қатар,басшымен бірге бюджет қаражатын ұрлауға көмектескені үшін дирекция қызметкері де сотталды. Мемлекеттік айыптаушы сотқа барлық дәлелдемелерді ұсына отырып,сотталушылардың кінәсіздігі туралы уәждерін жоққа шығарды",- делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша,әрқайсына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып,басшы 5 жылға,ал оның көмектесушісі 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Үкім заңды күшіне енді.