Бұған дейін Шымкент бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Дәуренбек Қожабаев ұсталды. Оған іздеу жарияланған болатын,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Антикор Шымкенттегі орта мектептердің бірінің директорын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін пара алды деген күдікпен Дәуренбек Қожабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. БАҚ мәліметінше,ол Антикор бастығының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі. 2023 жылдың қарашасында Мақсат Қожабаев алаяқтық жасағаны үшін сотталып,бес жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.
"Дәуренбек Қожабаевқа тергеуден жасырынуына байланысты халықаралық іздеу жарияланды. 30 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ол ұсталып,тергеу изоляторына қамалды",– деп хабарлады Антикор.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік,Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкенттегі Антикор департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Дәуренбек Қожабаев туралы ақпарат бергендерге сыйақы жариялаған болатын.