Биыл 15 наурызда тарихи өлке Атырау облысында өткен III Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтқан болатын. Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін алға тартты. Сондай-ақ мемлекет басшысы осы үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы - ағартушылық екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген бастама Түркістан облысында қалай іске асырылып жатыр? Tengrinews.kz тілшісі анықтады.
"Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл - біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің,ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы - ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес,іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні - осында.
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Ешкімді мәжбүрлемей,күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы,нақты іс болуы керек. Осы тұста,халықаралық "Қазақ тілі қоғамы" туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның "Qazaq tili" эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы,жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін.
Мен экономиканы дамыту үшін "Креативті индустрияның" мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек,қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып,зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ,интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл - өкінішке қарай,ақиқат. Балалар түгілі,ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес",- деді мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Өңірде қазақ тілін насихаттауға бағытталған семинар мен әдістемелік қолдау жүргізіліп жатыр.
Мәселен Түркістан облысы,Отырар ауданы,Көксарай ауылы,М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні мұғалімі - Дүйсенбаева Айжамал сабақ барысында оқушылармен бірге А.Байтұрсыновтың педагогикалық еңбектерінің қазіргі кездегі өзектілігін талдаған. Оның айтуынша,ол А.Байтұрсыновтың педагогикалық ұстанымдары мен бүгінгі білім беру жүйесіндегі байланысын қарастырып кетуді жөн көрген.
"Ахмет Байтұрсынов - қазақ тіл білімі мен педагогикасының негізін қалаушылардың бірі. Оның "Тіл құрал" және "Әдебиет танытқыш" еңбектері қазақ тілін оқыту мен әдебиет тәрбиесіне қатысты бірегей ойлар мен педагогикалық ұстанымдарға толы. Бүгінде Қазақстанның білім беру жүйесінде ұлттық тіл мен мәдениетті дамытуда А.Байтұрсыновтың идеялары өз құндылығын жоғалтпаған деуге болады.
А.Байтұрсыновтың "Тіл құрал" еңбегіндегі педагогикалық ұстанымдарын бірнеше бағытта қарастыруға болады. Солардың біріншісі деп тілді меңгерудің маңызы туралы ойларын атап өтуге болады. "Тіл құрал" еңбегінде ол тілдің ұлттық мәдениеттің және халықтың рухани өмірінің негізі екенін атап өткен. Ахаңның: "Тіл - ұлттың мәдениетінің,рухани өмірінің негізі",- деуі бекер емес. Ол тілді оқытуда практикалық дағдыларға,яғни сөйлеу,тыңдау,оқу және жазу қабілеттеріне ерекше назар аударған. Бүгінгі білім беру жүйесінде де тілдің практикалық аспектілері,мысалы,коммуникациялық дағдыларды дамытуға көп көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда орта білім беру бағдарламаларында оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіруге арналған интерактивті әдістер мен технологиялар кеңінен қолданылып жатыр",- деді ол.
Сонымен қатар Түркістан облысы,Сауран ауданы,№18 С.Қожанов атындағы жалпы білім беру мекемесінде оқушыларға "Алаш арыстары мұрасын оқытудағы инновациялық әдістер" тақырыбында баяндама жүргізілген.
Баяндама барысында Алаш зиялыларының қазақ тілін дамыту бойынша жазылған еңбектері бөліп көрсетілген.
"Алаш қайраткерлерінің бәрі тіл-ұлтты біріктіретін орасан зор саяси,қоғамдық және рухани күш,қуатты құбылыс екенін жақсы түсінді. Сондықтан Алаш сияқты ірі қозғалыстың рухани мақсатында қазақ тілі мәселесі ерекше орын алды. Ұлт-азаттық күрес дәуірінде қалыптасқан ана тілімізге арналған зиялы қауым шығармалары тіл үшін алуан түрлі күрестен бүгінгі азаттық күнге жеткен қазақ халқының өміршең өсиеті,мұрасы болып келеді. Осы орайда Алаш зиялылары еңбектерінің сан алуандығы ұлт тағдырында тілдің аса маңыздылығын терең және жан-жақты түсінгендігінің дәлелі деп нық сеніммен айтуға болады",- деді баяндамашы Бекмұрзаев Ерғали.
Оның айтуынша,ұстаздар әр сабақта қоғам қайраткерлерін дәріптеп оқытудан,таныстырудан жалықпауы керек.
"Мағжан атамыз қазақтың ұрпағын,болашағын тәрбиелеу,қазақ балаларының сауатын білім шыңына шыңдау үшін қазақ ұстаздарына керемет "Педагогика" ілімін тарту еткен. Алаш қайраткерлерінің еңбектері әр оқушыға қызықты,әрі тиімді болу үшін жаңа инновациялық әдістерді қолданып,оқушылардың кеңінен және тереңірек ұтымды білім алуына,ойын бір жерге шоғырландырып,өткен сабақты пысықтауға және сабақтың тақырыбын ашуға тиімді әдіс - тәсіл ретінде қолдануға болады. Мысалы,"Алаш зиялылар кестесі" әдісі,жаңа технологияның дамуына байланысты "D-ID studio" әдістері арқылы Алаш зиялыларын шынайы сөйлетуге болады. Балалар бұл әдіс арқылы алаш зиялыларының өмірден ұмытылмауына қадам басып және көз алдында сұқбаттасқандай әсер алады деп ойлаймын. "Аралар кестесі" әдісі арқылы Алаш зиялыларының өмірбаянымен,шығармаларымен,ұрпақтарымен тереңірек танысуға болады. Оқушылардың алаш зиялылырын оқуға,танып білуге ынтасы арта түседі",- дейді ол.
Сондай-ақ ол жетілген тілге бөгде тілдің заңдылығын жөн-жосықсыз кіргізуді доғаруға міндеттіміз деп санайды.
"Ақиқатында,қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы саласында ұлт тілін "пән" ретінде үкілеп,оны оқытудығылыми жүйеде қалыптастыруды негіздеуші - Ахмет Байтұрсынұлы. Жалпы,тіл үйретуде Міржақып Дулатұлы,Халел Досмұхамедұлы,Телжан Шонанұлы,Қошке Кемеңгерұлы секілді Алаш зиялыларының қазақ тілін дамыту,оқытып-үйретудегі көрсеткен негізгі ұстанымдары әлі күнгебасты назарға алынбай,тек қазақ тілін оқыту,меңгерту тақырыбындағы бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі ғалымдар мен әдіскерлердің өзіндік ой-пікірлерін дамытудағызерттеу нысаны ретінде қарастырылып келеді. Қорыта айтқанда,қазақ тілінің пән ретінде ғылыми жүйеде негіздеген ғалым-реформатор,ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғибратын мансұқтап,жетілген тілге бөгде тілдің заңдылығын жөн-жосықсыз жапсырып,шалажансартосын жаңалық ашуды доғаруға міндеттіміз. Қазіргі қазақ тілі.н оқытудағы қолданылып жүрген оқулықтардың көпшілігі "іргетассыз үйлер" сықылды",- деді Бекмұрзаев Ерғали.