Сәрсенбінің сәтті күні аудан орталығында су жаңа 320 орындық көрермен залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Көптен күткен ғимараттың ашылу рәсіміне аудан әкімінен бастап,аудан тұрғындары мен спортшылар қатысты.
Салтанатты жиынға арнайы ат басын бұрған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен Қарашығанақ петролеум оперейтинг б.в. компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев сөз сөйлеп,жиналғандарды кешеннің ашылуымен құттықтады.
"Бұл жаңа спорт кешені аудан тұрғындарына спорттың кез-келген түрімен айналысуға үлкен мүмкіндік береді. Яғни,болашақта салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып,спортқа деген таланты бар болашақ чемпиондарды дайындап шығаруға үлес қосатын орын болмақ. Сондықтан,бұл жерден Тасқаланың атын шығаратын көптеген мықты спортшылар шығады деген сенімдемін",- деген Қайыржан Ермекұлы аудандық спорт клубының директоры Махамбет Дүйсембиевке салтанатты түрде облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан су жаңа микроавтобустың кілтін ұсынды.
Одан әрі сөз алған Мұхтар Науырызбайұлы мен жерлесіміз,спорт ардагері Тельман Маширов және Қуат Мусин аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Өз кезегінде Қуат Наурызұлы спорт құралдарын алу үшін спорт ардагерлері атынан 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Суреттер: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Шара барысында "QS Capital Construction" ЖШС мердігерлік компаниясының директоры Мырзабек Абдешев аудандық мәдениет,тілдерді дамыту денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжанұлына жаңа ғимараттың кілтін табыс етті. Салтанатты жиын денешынықтыру сауықтыру кешенінің лентасын қию рәсімімен жалғасты. Бұл маңызды сәт облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен Қарашығанақ петролеум оперейтинг б.в. компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеевке,сондай-ақ,самбо күресінен Әлем чемпионы Бауыржан Мамбетов пен Батыр атамыз С.Жақсығұлов турнирінің алғашқы чемпионы Ерболат Жүсіповке бұйырды. Шашу шашылып,ән шырқалды. Бұл сәт көпшіліктің көңілін көтеріп,келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында барлық қатысушылар жаңа спорт кешенімен танысты. Ғимарат ішінде заманауи спорттық жабдықтар мен жаттығу алаңдары бар. Сондай-ақ,мұнда жаттықтырушылар бөлмесі,тренажорлық зал мен медициналық кабинет,гимнастика және күрес залдарымен қоса футбол,волейбол,баскетболға арналған арнайы залдар мен кабинеттер орналасқан.
Айта кетсек,"320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің" құрылыс нысаны 2022 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға түзету жұмыстары жүргізіліп,мемлекеттік сараптамадан өтті. КПО б.в компаниясы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін тендірлік рәсімдер жүргізіп,мердігер мекеме "QS Capital Construction" ЖШС-гі танылған болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылдың шілде айында қайтадан басталып,жоба бойынша құрылыс уақтылы аяқталып,бүгінде пайдалануға берілді.