Батыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнес секторы кеңейіп келеді. Батысқазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері осы жылдың басынан бері 1,2 триллион теңгенің өнімін өндірді. Облыстағы 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінде 130 мың адам жұмыс істеп жатыр.
Шағын және орта бизнесті дамытуға биыл 22 миллиард теңге бөлініп,3 мыңнан астам жобаларға қолдау көрсетілуде. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында облыстағы индустриялық аймақта бүгінгі күнге жалпы құны 14,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сонымен қатар,жалпы көлемі 2,8 га жер телімі негізінде шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы да қолға алынуда.
Шағын өнеркәсіптік аймақ алаңында өздерінің мүмкіндіктері жоқ шағын бизнес субъектілеріне жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инфрақұрылымдары дайын жер телімдері ұсынылатын болады. Бұл шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Өңір әкімі ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанын да айтып өтті. Батыс Қазақстан облысында төрт түлік мал басының саны тұрақты артып келеді.
Батыс Қазақстан облысындағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы. Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға жасалынған қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп,өнім өндіру тұрақты ұлғаюда.
Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60 пайыз ата кәсіп – мал шаруашылығына тиесілі. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд. теңге қаражат бөлінді.
Төрт түлік мал басының саны тұрақты артуда. Үстіміздегі жылы алынған төлмен бірге ұсақ мүйізді мал басының саны 2 млн-ға жуықтады,ірі қара малы 1 млн.,жылқы 350 мыңнан асып,түйе 3 мың басқа жетті.
Биылғы жылы облыс бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы - 616 мың га құрады. Бүгінгі таңда егін ору науқаны облыста толық аяқталып,300 мың тонна астық,96 мың тонна майлы дақылдар,50 мың тонна картоп,46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды.
Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өңір әлеуетін толық пайдалану мақсатында жайылымдарды суландыру бағытында ұзындығы 186 шақырымды құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту және 43 шақырым "Азнабай-Тайпақ" және 95 шақырымды құрайтын "Жайық-Шалқар" каналының жөндеу сияқты ірі жобалар жүзеге асып жатыр.