Әлеуметтік желілерде бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың колониядан қашып кеткені туралы мәліметтерді тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.
"Осы жалған ақпаратты таратуға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлаймыз",- делінген ведомство хабарламасында.
ҚАЖК қазақстандықтарға қате мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып,тек ресми дереккөздерге ғана назар аударуға шақырды.
Бұған дейін желіде Бишімбаевтың қазақстандық колониялардан табылмағаны туралы ақпарат пайда болған еді. Бірқатар журналист ол жазасын Степногорск немесе Аршалыда өтеп жатқан болуы мүмкін деп болжаған. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары бұл деректерді растай алмады. Кейінірек Telegram-арналары оның түзеу мекемесінен қашып кеткенін жаза бастады.
ҚАЖК бұл ақпаратты "шындыққа жанаспайды" деп жоққа шығарды.