16 қыркүйекте Қазақстан жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аясында декларацияларды қабылдауды аяқтады. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті есепті уақытылы тапсыра алмағандарды не күтіп тұрғанын айтты,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2024 жылғы 1 қаңтарда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі шеңберінде заңды тұлғалардың басшылары,құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер,сондай-ақ олардың жұбайлары болып табылатын екі миллионнан аса жеке тұлғалар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00-нысан) ұсынғаны хабарланды. Декларацияны тапсыру мерзімі 16 қыркүйекте аяқталды.
Декларацияны ұсынбаған салық төлеушілерге салық заңнамасында белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбау туралы хабарламалар жіберілді. Мұндай салық төлеушілер хабарламаны алған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде декларация немесе түсініктеме беру арқылы заңбұзушылықты жоюы тиіс.
"Декларацияны ұсынбаған салық төлеушілерге банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру жөніндегі шаралар қолданылады (Салық кодексінің 118-бабы 1-тармақшасы)",- деп хабарлады МКК.