Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Осыған орай,Түркістан облысында үздік педагогтерді басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды.
Алдағы уақытта Түркістан облысы республикада тұңғыш рет 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытады. Бұл бастамаға Алматы қаласындағы Абай университеті де өз үлесін қосуға ниет білдіріп отыр.
Бұған дейін Түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда «lesson study» әдісі,АҚШ-та «инклюзивті білім беру»,Қытайда «техникалық және кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып,педагогтар Франция,Малайзия,Финляндия,Сингапур елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтеді. Мұнда «Жайлы мектеп» пен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына басымдық беріледі.
Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында республикадағы білімі төмен мектептердің тізімі жасалды. Еліміз бойынша анықталған 943 «Мақсатты мектеп» тізімінде өңірде білім сапасы төмен 162 мектеп бар. Ендігі кезекте өңірдегі осы аталған білім ошақтарының білім сапасын жақсарту бойынша жоспар жасалады.
Айта кетейік,бүгінгі таңда өңірдегі білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Бұл – республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында деген сөз. Ал жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа қабылданды.