АЛМАТЫ. KAZINFORM – Робототехниканың қыр-сырын жетік меңгерген алматылық оқушылар Хьюстон мен Лондонда өтетін халықаралық турнирге жолдама жеңіп алды.
Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өткен додаға Қазақстанның әр өңірінен 3 мыңнан астам оқушы, әлемнің түрлі елдерінен 200-ден астам команда қатысты. Алматы қаласының намысын қорғаған оқушылар бірнеше жүлделі орындарға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша №124 мектептің «Team 124» командасы «Winning Alliance 2nd pick» және «THINK AWARD 2st place» номинациясын және Лондонда өтетін халықаралық «UK first championship 2024» жарысына қатысуға жолдама алды. Ал, №206 мектеп-гимназиясының оқушысы Оңғарбек Томирис АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін «2024 FIRST Championship, Houston» жарысына қатысуға сертификат жеңіп алды.
Сондай-ақ Алматы мектептерінің түлектері еліміздің беделді жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанды. Атап айтар болсақ, БИЛ лицейінің оқушысы Спандияр Тұяқбай және №39 мамандандырылған лицейінің оқушысы Маликов Мейіржан Сәтбаев университетіне тегін оқитын мүмкіндікке ие болды. Сонымен қатар М.Базарбаев атындағы №138 гимназия оқушысы Амангелді Шолпан, №81 мектеп-гимназия оқушысы Әлрахат Үмітхан, №140 М.Мақатаев атындағы гимназия оқушысы Нұрила Бердалы мен Мөлдір Бекенқызы, №178 мамандандырылған лицейінің оқушысы Олжас Санатұлы АУЭС-ке грант ұтып алды.
Еуропалық оқу орындарына түсуге 100% жеңілдікпен қолдау көрсету гранты №200 мектеп-гимназиясының оқушысы Мира Демеуғалиева мен №178 мамандандырылған лицейінің оқушысы Алуа Төлендіге берілді.